
Фильмнің басты кейіпкері Ерсұлтан (оң жақта) досымен велосипед теуіп келеді. Sulpak Cinema YouTube арнасындағы “Бауырына салу | Трейлер | В кино с 18 июля” киносы трейлерінен скриншот жасалған.
2024 жылғы 15 қарашада “Bauryna Salu” атты қазақстандық фильм “Үздік халықаралық көркем фильм” аталымы бойынша “Оскар” сыйлығына үміткер ретінде қабылданды. Бұл туынды кішкентай кезінде ата-әжесіне берілген 12 жастағы Ерсұлтан есімді баланың тағдырын баяндайды.
Бұл – қазақ халқының “бауырына салу” деп аталатын дәстүрі. Яғни, жас ата-аналар өздерінің тұңғыш немесе кенже баласын ата-әжесіне немесе үлкен туыстарына тәрбиелеуге береді. Белгілі бір жасқа жеткен соң, бала кіммен қалатынын – ата-анасымен бе, әлде асырап алған жанұясымен бе – өзі шешеді.
Фильм трейлері.
Соңғы он жылын бірге өткізген әжесі қайтыс болғаннан кейін Ерсұлтан туған әке-шешесінің үйіне оралуға мәжбүр болады. Фильмнің негізгі желісі – ұзақ үзілістен кейін ата-анасымен қайта байланыс орната алмай, оларға жат болып қалған баланың ішкі күйзелісін көрсету. Осы арқылы картина Қазақстанда әлі де сақталған, ғасырлардан жеткен дәстүрдің бала психологиясына қалай әсер ететінін ашып көрсетеді.
Айта кетерлігі, фильм режиссері Асхат Кучинчереков бұл дәстүрді өз басынан өткерген: оны да ата-анасы кішкентай кезінде әжесіне берген. Сол себепті де ол бұл оқиғаны бала – Ерсұлтанның көзімен баяндауды жөн көргенін айтады. Сценарий авторы да – өзі. Фильм 2023 жылы түсірілгенмен, Қазақстан кинотеатрларында 2024 жылдың шілдесінде ғана көрерменге жол тартты.
Режиссер Асхат Кучинчерековтің фильм туралы және өзінің әжесі тәрбиесінде өскендігі жөніндегі сұхбатында бұл дәстүрді былайша баяндайды.
Фильм “бауырына салу” дәстүріне байланысты ел ішінде қызу пікірталас тудырды. Талқылау дәстүрдің түп-тамырынан бастап, қазіргі замандағы өзектілігіне және, ең бастысы, оның бала мен ата-анаға тигізетін әсеріне дейін жетті. Бастапқыда бұл дәстүр – бір-біріне жақын, тұйық көшпелі қауымдарда туыстық байланысты нығайту үшін пайда болған. Сондай-ақ балабақшалар болмаған заманда бала тәрбиесіне қатысты ауыртпалықты бөлісуге де арналған. Кейбіреулер бұл дәстүрді бала сүймеген немесе жалғызсырап отырған үлкендердің ата-аналық мейірімді сезінуі үшін жасалған деседі.
Көнеден келе жатқан осы дәстүрді қолдаушылар әлеуметтік желілерде дәстүрдің бүгінгі күнде де өзектілігін алға тартады: тәжірибелі үлкендер тәрбиелесе балаға жақсы болатынын айтады. Жас ата-аналар бала бағу жағынан әлі тәжірибесіз болғандықтан, бұл баланың қамын ойлаудың бір жолы дейді. Сонымен қатар, бұл тәжірибе баланы ата-аналық зорлық-зомбылықтан қорғауы мүмкін әрі ата-әжесінің шексіз махаббатында өсуіне мүмкіндік береді деген пікірлер айты.
Мында фильмді көрген қазақстандықтардың пікірлерінен құралған YouTube видеосын тамашалай аласыздар.
Ал осы дәстүрді қолдамайтын қарсы тарап мұндай дәстүр баланың психологиясына ауыр соққы беретінін, өздерін тастап кеткендей сезіну, жалғыздық, эмоционалды үзіліс секілді жарақаттарға әкелетінін алға тартады. Олар баланың туған ата-анасының қасында өскені дұрыс дейді. Өйткені, ажырасқаннан кейін ата-анамен байланысты қайта қалпына келтіру өте қиын. Әсіресе, асыраған ата-әжесі қайтыс болғаннан кейін бала жалғыздықты қатты сезінуі мүмкін.
Фильм осы қоғамдық пікірталасты қозғап қана қоймай, халықаралық кинофестивальдерде де үлкен жетістіктерге жетті. Ең айтулы марапаттарының қатарында “Тұлпар” ұлттық киносыйлығының “Үздік фильм” аталымы мен Азия-Тынық мұхиты киноэкран сыйлығының Aзия-Тынық мұхиты киноэкран сыйлығының “Жасөспірімдерге арналған үздік фильм” жүлдесі де бар. “Оскар”-дың шорт-парағына енбесе де, “Бауырына салу” қазірдің өзінде өз буынының ең әсерлі әрі мағыналы фильмдерінің біріне айналды.