Ана тілі – жанның қасиеті, жүректің үні

Камиль Муллашевтің “Нәзік нұр” (Аура нежности) туындысы.

Суретке сипаттама: Қазақ тұрмысынан алынған кескіндеме туындысы. Егде жастағы әйел кесте тігіп отыр. Қасында тізесіне баласын отырғызған жас әйел отыр. Көріністен тыныштық пен қуаныш сезімі байқалады.

21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні.

Бұл күн әлемнің түкпір-түкірінде тілдің, мәдениеттің және рухани байлықтың аса маңызды тәрбиелік күшін еске алатын мереке. Ол тек тілдің грамматикасын немесе сөздік қорын мадақтау ғана емес, адамзаттың жадында сақталған ең алғашқы үннің, жүректің терең түкпірінен шыққан ең нәзік сөздердің мерекесі.

Аталған күннің түп төркіні 1952 жылдың 21 ақпанынан басталады. Сол күні Бангладештің (сол кезде Шығыс Пәкістан) студенттері өздерінің ана тілі, бенгал тілінің ресми мәртебесін талап етіп шықты, алайда бейбіт шеру полиция тарапынан қақтығысқа ұласып, көптеген жастар опат болды. Бұл қанды оқиға тіл мен мәдениетті қорғаудың адамзаттық құқық екенін бүкіл әлемге мойындатты.

1999 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік конференциясы бұл күнді «Халықаралық ана тілі күні» деп жариялады, ал 2002 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы оны бүкіл әлем бойынша мерекеленетін күн ретінде ресми түрде бекітті.

БҰҰ мен ЮНЕСКО тілдердің алуан түрлілігін, мәдени ерекшелікті және көптілділікті сақтау бейбіт қоғамның іргетасы екенін айтады. Әлемде мыңдаған тіл бар, олардың көпшілігі қорғауды қажет етеді, өйткені тіл жоғалса, сол халықтың билеусіз тарихы, тұрмыс-салт дәстүрі мен дүниетанымы да ғайып болады.

Тұңғыш кескіндемеші қазақ қызы Айша Ғарифқызы Ғалымбаеваның “Бесік” туындысы.

Бала ең алғаш анасының құрсағында еститін әлди тілдің ең нәзік, ең таза, ең терең түбірі. Ана тілі тек бір дыбыс немесе сөз емес, ол адамның жаны мен жүрегіне ең алғаш құйылатын мән. Ана тіл арқылы бала үлкен әлемді танып, сезім мен мейірімді түсінеді, алғашқы сүйіспеншілік пен мейірімді ана тілі арқылы қабылдайды.

Алайда ананың тілі әрқашан тек биологиялық анадан ғана келмеуі мүмкін. Ана тілі ең алғашқы жылы алақанның мейірімі мен қамқорлығын сезінген әрбір адам арқылы бойымызға сіңетін де қасиет. Қиын замандарда жетім қалған балаға мейірімділік көрсеткен жандардың сөзі ана тілінің кең, қамқор күші ретінде де беріледі. Себебі тіл адамға тек ата-анадан емес, жүректің жылуынан да берілетін құндылық.

Астана қаласында орналасқан “Қазақ еліне мың алғыс” монументі Қазақстанға мәжбүрлі түрде қоныс аударып, пана тапқан өзге ұлт өкілдерінің сыйластығын, қазақ анасына, қазақ халқына алғысын білдіреді.

Менің ана тілім – қазақ тілі, анамның сүтімен, әкемнің мейірімен дарыған жүрегімнің үні, рухани қазынам. Бұл тіл арқылы мен өз әлемімді, өткенім мен бүгінімді, ата-бабамның үні мен дүниетанымын сақтай отырып, кейінгі ұрпақпен бөлісемін.

Ана тілі тек сөз бен дыбыстан ғана тұрмайды, ол қанмен, жүрекпен, рухпен байланысқан қасиет. Ана тілдің әрбір сөзінде ана сүтімен келген мейірім, ата-баба әңгімелерінің жылуы бар. Бұл тіл бізге ең алғаш мейірім беретін тіліміз, ана тіліміз біздің өміріміздің өзегі.

Халықаралық ана тілі күні бізді тілдің қадірін түсініп, оны сақтауға шақырады. Әр тіл бір елдің, бір қауымның, бір жүректің үні. Ана тілімізді құрметтейік, бағалайық. Анамыздың сүтімен, жүректің үнімен жеткен ана тілімізді одан әрі дамыту біздің парызымыз.

 

Пікірталасты бастау

Құрметті авторлар, кіру »

Нұсқаулық

  • Жазылған пікірлер модератормен тексеріледі. Пікіріңізді екі немесе одан да көп рет жіберудің қажеті жоқ, себебі бұл әрекетіңіз спам болып есептеледі.
  • Басқаларды құрметтеуді сұраймыз. Егер жазғаныңыз адамның жеке басына тіл тигізсе немесе дөрекі жазылса, сөздеріңіз жарияланбайды.